фото: Naomi Baker/Getty Images. Суретте: Абдулрашид Садулаев
Еркін күрестен Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, ресейлік Абдулрашид Садулаев 2025 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмайды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Турнир 13-21 қыркүйек аралығында Хорватия астанасы Загребте өтеді. Ресейлік спортшылар онда бейтарап мәртебеде өнер көрсете алады.
Бастапқыда Садулаев қатысушылар қатарында болады деп жоспарланған еді, алайда оның орнына 97 келіге дейінгі салмақтағы тізімге Магомед Курбанов енгізілді.
Ресей күрес федерациясының басшысы Михаил Мамиашвили жағдайды түсіндіріп берді.
"Ол әлем чемпионатына шықпайды (виза берілмегендіктен), ал Заурбек Сидаков бойынша визаны күтіп отырмыз", – деді функционер.
Еске салайық, сәуір айында да Садулаев дәл осындай себеппен Еуропа чемпионатына қатыса алмаған еді. Айта кетейік, 29 жастағы ресейлік балуан – қазіргі уақыттың ең атақты спортшыларының бірі. Ол 2016 және 2020 жылғы Олимпиада ойындарында жеңіске жетіп, алты мәрте әлем чемпионы, төрт мәрте Еуропа чемпионы атанған.