фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Бейбарыс Жексен
10 қыркүйекте Ливерпульде бокстан әлем чемпионатының ширек финалы өтеді. 60 келіге дейінгі салмақтағы дебютант Бейбарыс Жексен Олимпиада чемпионы деген атағы бар өзбек Абдумалик Халоковпен кездеседі, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қазақстан боксы тарихындағы ең табысты бапкер, Сидней Олимпиадасында ұлттық құраманы рекордтық нәтижеге жеткізген Тұрсынғали Еділов sportarena.kz-ке берген сұқбатында Бейбарыс Жексеннің сенсация жасау мүмкіндігі бар-жоғын айтты.
"Бейбарыс жақсы әсер қалдырды. Өткен жылғы Азия чемпионатында (Таиланд, Чиангмай) ол Тәжікстан боксшысынан ширек финалда ұтылып, аса сенімді көрінбеген еді. Бірақ ұлттық құраманың бапкерлері одан бас тартпай, тағы мүмкіндік берді. Ол сол мүмкіндікті пайдаланып, әлем чемпионатының ширек финалына шығып, өте жақсы өнер көрсетті", – деді Тұрсынғали Еділов.
Енді медаль үшін жекпе-жекте Бейбарыс Жексен Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковпен айқасады.
"Әрине, бұл біздің жігіт үшін өте қиын кездесу болады. Дегенмен, оған Халоков сияқты қысым жоқ. Егер ұтылса – бұл қалыпты қабылданады. Жеңсе – ол нағыз қаһарманға айналады. Менің ойымша, сенсация жасауға мүмкіндік бар. Себебі Бейбарысты, басқа боксшыларымыздай емес, өзбек бапкерлері толық зерттеп үлгермеді. Ол олар үшін жұмбақ. Бейбарыс Жексеннің жалғыз мүмкіндігі – Халоковты өзінің сүйікті мәнерінде бокстасуға жол бермеу. Тек үздіксіз, алғашқы секундтардан бастап қысым көрсету қажет. Үнемі Халоковты мазалап, оған ыңғайлы қашықтықта жұмыс істеуге мүмкіндік бермеуі тиіс. Егер Бейбарыс Абдумаликке өз боксын таңса, оның жеңіске жету мүмкіндігі зор. Иә, өзбек боксшысы екі жылдан астам уақыт бойы ұтылған жоқ. Бірақ біздің Оразбек Асылқұлов 2023 жылы оны жеңген! Демек, Бейбарыстың да қолынан келуі әбден мүмкін. Бұған қатты сенгім келеді", – деді Тұрсынғали Еділов.