фото: Neill/Zuffa LLC. Суретте: Шавкат Рахмонов
UFC сарапшысы әрі октагонның бұрынғы жұлдызы Джош Томсон қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың (19-0) мансабына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ол EssentiallySports порталына берген сұхбатында Шавкаттың біраз уақыт жекпе-жекке шықпай жүргені алдағы өнеріне әсер етуі мүмкін екенін айтты.
"Қазір Рахмонов бір орында тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Бұған оның психологиялық жағдайы ма, әлде рейтингтегі статусы ықпал ете ме – нақты айту қиын. Дегенмен ол әлі үздік бестік қарсыластарымен кездескен жоқ. Сол себепті ұзақ үзіліс қарқынын бәсеңдетіп, келесі мықты қарсыластарға қарсы рингке шығуын қиындатады. Өйткені енді оған тек жоғары деңгейлі спортшылар ғана қарсылас болады", – дейді Томсон.
Еске салайық, Шавкат соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында октагонға шыққан. Бастапқыда ол титулдық айқаста Белал Мухаммедпен кездесуі керек еді, бірақ қарсыласы жарақатына байланысты шыға алмады. Оның орнына октагонға ирландиялық Иэн Гэрри көтерілді. Бұл жекпе-жекте Рахмонов алғаш рет қарсыласын уақытынан бұрын емес, төрешілер шешімімен жеңді. Соған қарамастан, қазақстандық спортшы жеңіліссіз сериясын жалғастырып келеді.