фото: Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру жоспарланып отыр. Бұл бастаманы президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауы барысында жариялады.
Мемлекет басшысы жаңа құрылымды қазіргі құзырлы министрліктің негізінде құруды ұсынды. Оның айтуынша, аталған ведомствоны премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы қажет.
"Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек", – деді Тоқаев.
Президенттің сөзінше, экономиканың барлық саласын дамыту үшін жасанды интеллектіні кеңінен енгізу аса маңызды.
"Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек", – деді мемлекет басшысы.