"Жұлдыз боп кеткен": Шавкаттың бұрынғы бапкері оның тойынғанын айтты

"Жұлдыз боп кеткен": Шавкаттың бұрынғы бапкері оның тойынғанын айтты

фото: Chris Unger/Zuffa LLC via Getty Images

Dar Team Pro командасының бұрынғы бас бапкері Азиз Разиев UFC файтері Шавкат Рахмоновтың мотивациясының төмендеуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай жағдайға қазақ қоғамындағы менталитет әсер еткен, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Азиз Разиевтің сөзінше, спортшыларды үнемі той мен түрлі шараларға шақырады. Ал егер олар барудан бас тартса, жұрт: "Әй, жұлдыз боп кеткен ғой, адам танымай қалыпты" деп сын айтады. Бапкердің пікірінше, осындай көзқарас спортшылардың нәтижесіне кері ықпал етеді.

Салыстыру үшін ол қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлын мысалға келтірді. Разиевтің айтуынша, ол боксшыны түрлі жиындарда сирек көреді. Сондай-ақ, Жәнібек Әлімханұлының: "Барлық белбеуді жинамайынша, Қазақстанда ешқандай тойға бармаймын» деген сөзін естігенін айтты. Бапкер мұның қаншалықты рас екенін білмейтінін, бірақ дәл осындай ойлау жүйесі оның жетістігінің бір сыры екенін атап өтті.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізген еді. Ол айқаста ирландиялық файтер Иэн Гэрриді төрешілердің шешімімен жеңген.