фото: Данияр Ахметов / "Қайрат" футбол клубы. Суретте: Александр Мартынович
Алматылық "Қайраттың" қорғаушысы Александр Мартынович Беларусь құрамасы сапындағы ойында жарақат алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Кеше, 5 қыркүйекте Беларусь ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі матчтарын бастады. С тобының алғашқы турында олар Грекияға қонаққа барып, 1:5 есебімен ойсырай ұтылды.
Мартынович капитан ретінде негізгі құрамда алаңға шыққан болатын. Алайда екінші таймның басында грекиялық жартылай қорғаушы Христос Цолиспен допқа талас кезінде бетіне шынтақпен соққы алды.
Медициналық тексерістен кейін футболшының тісі зақымданғаны (тіпті сынған болуы мүмкін) анықталды. Соның салдарынан Беларусь командасының капитаны матчты жалғастыра алмай, алаңнан кетуге мәжбүр болды.
Алаң иесінің ойыншысы Цолис бұл әрекеті үшін төрешіден ешқандай ескерту де (сары немесе қызыл қағаз) алған жоқ. Кейіннен ол өз командасының соңғы голын соқты.
Беларусь құрамасының бас бапкері Карлос Алос матчтан кейінгі сұхбатында Мартыновичтің жағдайына қатысты пікір білдірді.
"Шынымды айтсам, ойынға толық беріліп кеткендіктен, оның жағдайын нақты байқай алмадым. Дәрігер ауыстыру керек деген соң, шешім қабылдадым. Толығымен дәрігердің пікіріне сендім", – деді ол.
Қазіргі уақытта Мартыновичтің алаңға қашан оралатыны белгісіз. Айта кетейік, ол "Қайраттың" да капитаны. Алматылық клуб 18 қыркүйекте Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы кездесуін Лиссабонда португалиялық "Спортингке" қарсы өткізеді.