фото: pixabay.com
Әлемге танымал италиялық сәнгер Джорджо Армани 91 жасында өмірден өтті.
Armani Group ресми мәлімдемесінде:
"Терең қайғыра отырып, біз өзіміздің негізін қалаушымыз және шығармашылықтың таусылмас қайнар көзі Джорджо Армани дүние салғанын хабарлаймыз", – деп жазылды.
1934 жылғы 11 шілдеде Италияның Пьяченца қаласында дүниеге келген Армани сән әлемінің культ тұлғасына айналды. 1975 жылы серіктесі Серджо Галлеоттимен бірге Armani сән үйін ашып, қысқа уақыт ішінде талғампаз костюмдерімен, минималистік стилімен әлемдік брендке айналды. Кейін компания ауқымын кеңейтіп, киімнен бөлек аксессуар, парфюмерия және қонақүй бизнесін де қамтыды. Армани Голливуд жұлдыздарын киіндіріп қана қоймай, "Американдық жиголо" секілді фильмдерге де ерекше костюмдер тікті.
Сәнгердің өзі бір сұхбатында:
"Мен ерлер бейнесін жұмсарттым әрі әйелдерді костюмдер арқылы күштірек еттім. Бұл – стильге жаңа көзқарас еді", – деген болатын.
Ол сәнді тек бизнес емес, өнер деп түсінді:
"Сән – үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар ол – әдемілікке негізделген өнер".
Әртүрлі бағалаулар бойынша, Арманидің жеке байлығы 7-9 миллиард доллар аралығында болған. Оның құрамына сәнді жылжымайтын мүлік, яхталар және түрлі активтер кірді.