Сынған орындықтар, ескірген әжетханалар: "Қайрат" "Реалды" қабылдауға дайын ба?

Сынған орындықтар, ескірген әжетханалар: "Қайрат" "Реалды" қабылдауға дайын ба?

фото: Спорттық нысандар дирекциясы

Алматыдағы Орталық стадион "Қайрат" – "Реал" кездесуін қабылдауға қаншалықты дайын екені туралы Спорттық нысандар дирекциясы мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Дирекция өкілдерінің айтуынша, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов атап өткендей, Алматының Орталық стадионы УЕФА талаптарына сай келеді: футбол алаңы, жарық беру жүйесі, киім ауыстыратын бөлмелер, командалар мен төрешілерге арналған аймақтар толық аттестациядан өткен және халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге мүмкіндік береді.

Алайда кейбір кемшіліктер де бар. Бұған бұрын орын алған сынған орындықтар мен ескірген әжетханалар жатады. Мұндай мәселелер стадионның жасы мен кейбір көрермендердің жауапсыздығына байланысты туындайды. Әрбір ойыннан кейін орындықтарға тексеріс жүргізіліп, зақымданғандары ауыстырылады, себебі олардың едәуір бөлігі жиі істен шығады.

Қазір бұл мәселелер ерекше бақылауға алынған: орындықтарды жаңарту және қалпына келтіру жұмыстары жасалды, аумақты абаттандыру шаралары жүргізілді.

"Егер бұған дейін санитарлық-гигиеналық тораптарда тек косметикалық жөндеу ғана жасалса, қазір ауқымды қайта жөндеу жұмыстары басталды. Алдағы "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы үшін Орталық стадион толық дайындалады: абаттандыру жұмыстары аяқталады, тазалық пен қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, ең жоғары деңгейдегі ойындарды өткізу үшін барлық халықаралық талаптарға сәйкестік қамтамасыз етіледі", – деді Дирекция өкілдері.

Айта кетейік, "Қайрат" пен мадридтік "Реал" арасындағы кездесу 30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Матч жергілікті уақыт бойынша сағат 21:45-те басталады.