фото: instagram/zhunusova.makpal
Қазақ эстрадасының танымал әншісі, халық әртісі Мақпал Жүнісова зейнетке шығып, қанша мөлшерде зейнетақы алып отырғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.
Әнші соңғы концерті барысында көпшілікпен қуанышты жаңалығын бөлісті.
"Шешем 47 жасында жесір қалды. Зәкең дүние салғанда маған: "Енді күйеуге шығамын деп ойлама, қызыңды өсір. Сен өлмейсің" деді. Сол сөз әлі есімде. Әйтпесе, жас күнімде тұрмысқа шығуға да болар еді. Бірақ уақыт өтіп кетті. Қазір 62 жастамын. Зейнеткер атандым. 210 мың теңге зейнетақы аламын. Үкіметтің 45 жыл сахнада еңбек еткен халық әртісіне берген ақшасы осы. Оның өзін күзетшіге төлеймін. Қалғаны үшін күн көру мақсатында тойларға шығамын", – деді Мақпал Жүнісова.
Сондай-ақ ол халықтың концерттерге аз жиналатынына қынжылысын жеткізді.
"Ержан Белғозиевтің концертіне көрермен аз жиналыпты дегенді естіп, қатты қорықтым. Өзім осы кешке 4 сағат дайындалып, сахнаға жаңа шықтым. Әншілер «халық жақсы жиналды» дегенде ғана көңілім жайланды. Бұған дейін қатты уайымдап, ұйықтай алмай жүр едім. Артқы қатардағы билеттер 2000-3000 теңгеден сатылыпты. Бұл өте қолжетімді баға деп ойлаймын. Ал сендер 150 мың теңге беріп, Джей Лоның концертіне барғансыңдар", – деді халық әртісі.