фото: instagram.com/f.c.kairat. Суретте: Темірлан Анарбеков
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев алдағы Уэльспен өтетін ойында қақпашылар мәселесіне қатысты түсініктеме берді. Ол жақында "Қайратқа" тарихи жеңіс сыйлаған Темірлан Анарбековтың ұлттық құрамадағы жағдайына тоқталды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ұлттық команданың бас бапкері қақпашының алаңға шығу мүмкіндігі оның денсаулығына байланысты шешілетінін айтты. Қазіргі таңда медициналық штабтың қорытындысын күтіп отырғанын жеткізді.
"22-турда Анарбеков тізеден жарақат алды, оған Дамир Марат соқтығысып кеткен еді. Сондықтан біз медициналық тексерістің нәтижесін күтудеміз. Қорытынды шыққан соң барып, шешім қабылдаймыз. Құрамада кәсіби қақпашы Мұхаммеджан Сейсен бар. Сол себепті бұл позицияда үлкен мәселе болмайды. Сонымен қатар біз Анарбековтың моральдық жағдайын да ескеріп отырмыз. Қазір психологиялық тұрғыдан оң өзгерістер бар. Мұның бәрін ұлттық құраманың пайдасына тиімді пайдалануға тырысамыз", – деді Әлиев.
Айта кетсек, Темірлан Анарбеков – алматылық "Қайрат" клубының қақпашысы. Ол Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі шешуші ойында пенальти сериясында үш соққыны қайтарып, командасына топтық кезеңге жолдама әперген еді.