фото: ЖИ/janabastau.kz
Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жою бағытында Жетісу облысы тиімді шараларды қолға алды. Атап айтқанда, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген дәрігерлерге 10 миллион теңге, ал қалалық емханаларға барған мамандарға 5 миллион теңге көлемінде көтерме ақы төленеді. Бұл бастама өңірдегі медицина саласындағы кадр тапшылығын 20,3%-ға қысқартуға сеп болды.
Бағдарлама шарты қандай?
Жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан бұл қолдау бағдарламасына қатысу үшін маман алдымен үш айлық сынақ мерзімінен өтуі қажет. Сәтті өткен жағдайда, дәрігер кемінде бес жыл сол өңірде қызмет атқаруға міндетті. Осы уақыт аралығында олар тұрақты жұмыспен қамтылып, материалдық қолдауға ие болады.
Көтерме ақының игілігін көргендер
Бүгінгі күнге дейін 110-нан астам медицина қызметкері аталмыш қолдауға ие болды. Солардың бірі – Ақсу аудандық орталық ауруханасында жұмыс істейтін ерлі-зайыпты Қайрат Қоңырбаев пен Кәмшат Жанғабаева. Қайрат – кардиолог, ал Кәмшат – акушер-гинеколог.
«Екеуіміздің жалпы еңбек өтіліміз – 18 жыл. Отбасы ретінде 20 миллион теңге көлемінде көтерме ақы алдық. Осы қаражаттың арқасында баспаналы болдық. Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік», – деді Қ. Қоңырбаев.
Облыс әкімінің қолдауы
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше бағалай отырып, оларға сапалы жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді:
«Ауыл мен қалада ауруханалар мен емханаларға заманауи жабдықтар сатып алынып жатыр. Дегенмен, медицинаның негізі – маманның кәсібилігінде. Ерте диагностикалау мен дұрыс диагноз қою – басты басымдық. Сондықтан әр дәрігер үнемі өзін жетілдіріп отыруы тиіс», – деді әкім Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында.
Қосымша қолдаулар
Шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу (Түркия, Оңтүстік Корея);
45 маман резидентурада оқуда;
Көксу ауданында дәрігерлерге арналған 20 пәтерлік үй салынуда.