Өзбекстандық Олимпиада чемпионы қазақтың жас талантынан қашып жүр

Өзбекстандық Олимпиада чемпионы қазақтың жас талантынан қашып жүр

фото: instagram/boxingkazakhstan. Суретте: Төрехан Сабырхан

4-14 қыркүйек аралығында Ливерпуль қаласында World Boxing ұйымының әлем чемпионаты өтеді, деп Sportinside.kz тілшісі "Спорт Шредингер" сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жеребе 3 қыркүйек күні Астана уақыты бойынша сағат 20:45-те өтеді.

Көпшілік үшін күтпеген жағдай Өзбекстан құрамасының құрамында орын алды. 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Олимпиада чемпионы атанған Асадхуджа Муйдинхуджаев 65 келіге түсіп, осы дивизионда сынға түспек.

Бұл шешім мамандар мен жанкүйерлер арасында түрлі сұрақ туғызды. "Qazsport" комментаторы Исатай Мәди мұның тікелей Төрехан Сабырханға байланысты екенін айтты.

"Асадхуджа 65 келіге түсті ме? Себебі ол Төрехан Сабырханнан қашып жүр. Бұған 100% сенімдімін. Әлемдік деңгейде 70-71 келіде көш бастап жүріп, не үшін төмен түсу керек?" – деді Исатай Мәди.

Айта кетейік, бұған дейін Болгарияда өткен "кіші әлем чемпионатында" жеребе Асадхуджа Муйдинхуджаев пен Төрехан Сабырханды 70 келіге дейінгі салмақта алғашқы айналымда-ақ жұптастырған болатын. Алайда жеребеден кейінгі күні өзбек чемпионы жарыстан бас тартқан еді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жолы да басқа салмаққа ауысу – жас қазақстандық жұлдызбен рингте кездесуден қашудың амалы болуы мүмкін.