"Қайраттың" қарсыласы "ұятсыз" жанжалдың қайнаған қазанына түсті

"Қайраттың" қарсыласы "ұятсыз" жанжалдың қайнаған қазанына түсті

фото: instagram.com/davidluiz23. Суретте: Давид Луис

"Челси" футбол клубының бұрынғы жұлдызы Давид Луис жанжалдың ортасында қалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Қазіргі кезде Кипрдің "Пафос" командасында өнер көрсетіп жүрген футболшы әлеуметтік қызметкер Керолайн Кавалькантені үш адамдық интимдік қарым-қатынасқа шақырғаны үшін айыпталуда. Алайда 26 жастағы әйел спортшының ұсынысын қабылдамай қойғаннан кейін Луис оған қорқыту хабарламаларын жібергенін алға тартты.

Сот Луиске қызға жақындауға тыйым салған. Кавальканте полицияға шағымданып, футболшыдан өзіне және ұлына қатысты қоқан-лоқы болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Давид Луис ақшасы мен беделіне сенген.

Әйелдің айтуынша, футболшы алғаш рет онымен интернет арқылы байланысып, қымбат қонақүйге шақырған. Дегенмен, топтық секс туралы ұсыныс жанжалға себеп болған.

Өз кезегінде Луис Кавалькантені қорқытпағанын және онымен жеке кездеспегенін айтады, бірақ Instagram желісінде хат алмасқанын мойындады.

Ашық деректерге сүйенсек, Давид Луис Морейра Мариньо 1987 жылдың 22 сәуірінде Бразилияның Диадема қаласында дүниеге келген. Алғашында әуесқой командаларда ойнап жүріп, 16 жасында кәсіби мансабын бастады. Оның дарынын "Бенфика" клубы байқап, алғашқы ойынынан кейін-ақ бес жылдық келісімшарт жасасты. Кейінірек оны "Челси" сатып алды. Лондондық клубта Луис Англия кубогын жеңіп алып, Еуропа лигасының чемпионы атанды.

2014 жылы ол ПСЖ-ға ауысып, екі рет Франция чемпионы болды. Кейін "Челси" мен "Арсенал" сапында ойнады. Қазіргі таңда Кипрдің "Пафос" клубының намысын қорғап жүр. Айта кетейік, биылғы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде "Қайрат" футбол клубы "Пафосқа" қарсы кездесу өткізеді.