"Біздікілер оңай деп ойлайды": Қазақ жауынгері жанкүйерлеріне өкпесін айтты

"Біздікілер оңай деп ойлайды": Қазақ жауынгері жанкүйерлеріне өкпесін айтты

фото: Chris Unger/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Асу Алмабаев

UFC файтері Асу Алмабаев наурыз айындағы жеңілісінен кейін қателіктермен жұмыс жасағанын және жанкүйерлердің реакциясына қатысты ойын айтты, деп Sportinside.kz тілшісі Prosports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Асу Алмабаевтың айтуынша, UFC-ге шыққан әрбір спортшы – өз елінің, өз халқының үміті.

"Осындай үлкен жолдан өттік – бәрі жеңгісі келеді, бәрі елге басы тік, жеңіспен оралғысы келеді. Жалауды көтеріп шыққысы келеді. Сол үшін барлығын жасаймыз, октагоннан жеңіспен шығу үшін бар күшімізді саламыз. Бірақ біздің халық, бәлкім, жеңіске жету ол жерде өте оңай деп ойлайтын шығар. Мен бес жекпе-жегімді жеңдім. Бір ғана кездесу сәтсіз болды – Капемен. Бірақ сұрақтардың бәрі тек сол туралы", – деп қынжылды файтер.

Сонымен қатар ол болашақтағы кездесуіне қатысты нақты ештеңе айта алмайтынын жеткізді.

"Көреміз. Әзірге айтарым жоқ. Капе – өте мықты спортшы. Ол мені жеңді, мен ұтылдым – болды. Ал қателіктер әрқашан болады. Тіпті белбеуді иеленсең де, кейін жекпе-жекті қарап отырып, қателіктер табасың", – деді қазақстандық спортшы.