фото: olympic.kz. Суретте: боксшы Назым Қызайбай
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбай әлем чемпионаты алдында маңызды жаңалықты мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Боксшы Instagram желісіндегі ресми парақшасында команданың әлем чемпионатына келіп жеткенін көрсететін фото мен видеоларын жариялады. Бейнежазбалардың бірінде бапкерлер құрамы ет сақтауға арналған тоңазытқышты алып жүргені байқалады.
"Келіп жеттік. Турнир осы қалада өтеді. Біздің жаттықтырушылар бізді ойлап, ет пен қазы бұзылып кетпесін деп тоңазытқыш сатып алды. Басқа сақтайтын жер жоқ", – деп жазды Назым Қызайбай.
Бұл тәсіл Қазақстан құрамасы үшін алғаш рет қолданылып отырған жоқ. Бұған дейін ұлттық құраманың жастар арасындағы (U-22) аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев Таиландта өткен Азия чемпионатына шәкірттерімен бірге 40 келі ет пен қазы алып барған болатын.
Айта кетейік, бокстан әлем чемпионаты 4-14 қыркүйек аралығында өтеді. Дода алдында боксшылар соңғы оқу-жаттығу жиындарын Шеффилдте өткізді.