фото: ашық дереккөзден
Қазақстандық психолог Шолпан Есмағанбетова әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің Майкл Джексон деңгейіндегі аңызға айналмауының себебін түсіндірді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Маман Youtube-арнасында "Неге Димаш аңыз емес?" атты бейнематериал жариялап, қазақстандық орындаушының әлемдік иконаға айналуына не кедергі болып тұрғанын талқылады.
Психологтың айтуынша, көрермендер Димашты жиі Майкл Джексонмен салыстырып, оның мансабы да ұқсас өрбиді деп сенген.
"Екеуінің де стилі ұқсас: Димашта – опера, фольклор, халықтық дәстүр элементтері бар поп-музыка, ал Майклда – фьюжн, фанк, RnB, соул, хип-хоп пен африкалық әуендер", – дейді ол.
Сонымен қатар Есмағанбетова Джексонның әлемдік деңгейдегі кәсіби командасы болғанын, олардың әрқайсысы өз ісінде шебер екенін атап өтті. Ал Димаштың жағдайында, оның пікірінше, шығармашылық процесті отбасылық орта шектеп отыр. Әншінің командасында ағасы, анасы, інілері мен жақындары бар, бұл "отбасылық келісім-шарт" оның дамуын тежейді.
Сарапшы Димаштың ата-анасына тәуелділігіне де назар аударды. Әнші өзі де олардың жанында өзін жайлы сезінетінін айтқан.
"Ұмтылыс бар, бірақ отбасылық тұзақ жібермей тұр", – дейді маман.
Психолог Қайрат Нұртастың жағдайымен де салыстырма жасады.
"Айдарбековтердің командасы нәтижелі жұмыс істегенімен, оны әлемдік деңгейдегі "мұхитпен" салыстыруға келмейді".
Шолпан Есмағанбетова әрбір таланттың өз ерекшелігі болатынын айтып өтті.
"Майкл Джексонда – фантомдық бейне, Скриптонитте – өзгеше дыбыстау мен түсініксіз гуіл, ал Димашта – мінсіздік, кішіпейілділік пен мойынсұнғыштық. Бұл да бір оғаштық, себебі өнер көбіне ішкі қақтығыстан туады".
Оның айтуынша, Димаштың шығармашылығы энергия мен құмарлыққа емес, прана мен махаббатқа негізделген. Сондықтан оның тыңдармандары негізінен – ойлы, жасы ересек адамдар.
Психолог әншінің мансабы басында басты аудиториясы жас қытай жанкүйерлері болғанын, алайда уақыт өте олардың тарап кеткенін еске салды. Қазір Димаштың бейнесі "өз планетасында өмір сүретін кішкентай ханзадаға көбірек ұқсайды, ал шынайы өмірде ол ата-анасының қасында".