Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі туралы маңызды ақпарат шықты

Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі туралы маңызды ақпарат шықты

фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

Белгілі бокс инсайдері Бернардо Пилатти WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен WBC белбеуінің иегері Карлос Адамес арасындағы жекпе-жек 2025 жылдың соңына қарай өтуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Алғашында бұл айқас 22 қарашада Сауд Арабияда өтуі тиіс болған. Алайда тараптар қаржылық келісімге келе алмаған. Пилаттидің айтуынша, егер кездесу АҚШ-та ұйымдастырылса, боксшыларға ұсынылатын сыйақы бұдан да аз болуы ықтимал.

"Менде бір күмән бар. Егер олар ұсынылған қаламақымен келіспесе, қазіргі жағдайда бұл жекпе-жекті өткізу қиынға соғады. Себебі қазір қаржы аз, әрі телеарналардың қолдауы жеткіліксіз. ESPN қазір бокс көрсетілімін сирек жасайды, ал DAZN бұл боксшыларға қатысы жоқ. Карлос Адамес PBC ұйымымен жұмыс істейді, ал Жәнібек Top Rank компаниясымен бірге. Алайда Top Rank келесі жылға дейін серіктес телеарнасыз қалды. Қай арнамен келісім жасайтыны әзірге белгісіз. Жеке өз басым бұл айқас желтоқсанда PBC ұйымдастыратын кардтардың бірінде өтеді деп үміттенемін. Ол үшін қос боксшы да амбициясын біршама төмендетіп, ымыраға келуі қажет шығар. Өйткені бұл Сауд Арабиясындағыдай мол қаржысы жоқ. Дегенмен, олар келіссөз үстеліне қайта оралып, орта салмақтағы үш чемпиондық белбеуді біріктіре алады деген сенім бар", – деді Пилатти.