фото: ашық дереккөзден
Орыстың ұлы композиторы, әлемдік музыка классигі Родион Константинович Щедрин 92 жасында дүние салды. Ол жеті операның, бес балеттің, үш симфонияның, он төрт концерттің, сондай-ақ камералық, аспаптық, вокалдық, хор және театр-кино шығармаларының авторы болатын.
Родион Щедрин 1932 жылы 16 желтоқсанда Мәскеуде музыканттар отбасында дүниеге келген. Ол Орталық музыкалық мектепте оқып, 1955 жылы Мәскеу консерваториясын "композиция" және "фортепиано" мамандықтары бойынша үздік бітірді. 1959 жылы аспирантураны тәмамдады. Студенттік жылдарында-ақ РСФСР Композиторлар одағының мүшесі болды.
1965-1969 жылдары Мәскеу консерваториясында композиция пәнінен дәріс берді. 1973 жылы РСФСР Композиторлар одағының басқарма төрағасы болып сайланып, бұл қызметті 1990 жылға дейін атқарды. Кейін құрметті төраға ретінде қалды.
1958 жылдан бастап әйгілі балерина Майя Плисецкаямен (1925-2015) отбасын құрды. 1990-жылдардан бастап ерлі-зайыптылар Мюнхенде (Германия) өмір сүрді.
2022 жылы Щедрин Мәскеудің Тверь көшесіндегі өзінің және жұбайының 30 жылға жуық тұрған пәтерін А.А.Бахрушин атындағы театр мұражайына сыйға тартты. Майя Плисецкаяның пәтер-мұражайы аталған музейдің 12-бөліміне айналды. Мұнда олардың тұрмыстық заттары, фотосуреттері, құжаттары және Родион Щедриннің жұмыс кабинеті сақталған.