фото: Kevin Dietsch/Getty Images
АҚШ президенті Дональд Трамптың денсаулығына алаңдауға негіз жоқ. Бұл туралы әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпараттарға жауап ретінде америкалық шенеуніктер мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ресми деректерге сүйенсек, мемлекет басшысы таңертеңгі уақытын гольф ойнауға арнаған.
"Трамптың жағдайы жақсы. Бүгін ол таңертеңнен бері гольф алаңында жүр", – делінген хабарламада.
Бұл ақпарат кейіннен Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жарияланды.
Сонымен қатар, америкалық БАҚ Ақ үйдің баспасөз пулына сілтеме жасап, президенттің кортежге мінер алдында ақ түсті поло жейде мен қызыл кепка кигенін жеткізді. Алайда суреттер ресми түрде таратылмаған.
Қауесеттің таралуы
Бұған дейін желіде «Дональд Трамп қайтыс болды» деген хабарламалар кеңінен тарап, #TrumpIsDead хэштегі Х желісінде трендке шыққан еді. Ондаған мың жазба жиналғанымен, ешқандай ресми растау болмады.
Мамандардың айтуынша, бұл – АҚШ президентінің денсаулығына қатысты қауесеттер, оның орынбасары Джей Ди Вэнстің мәлімдемелері және «Симпсондар» мультсериалындағы болжамдардан туындаған вирустық тренд қана.