Қырғызстандық рэпер Ulukmanapo (шын аты-жөні – Улукман Осмоналиев) қарт адамға қол көтерді деген айыппен ұсталды.
Жергілікті БАҚ таратқан мәліметке сәйкес, оқиға 28 тамызда балабақша аумағында болған. Әнші күзетшімен сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан.
Бішкек қаласы Ленин аудандық полиция басқармасының баспасөз қызметі тексеріс басталғанын мәлімдеді. Алдын ала дерек бойынша, балабақша ауласына екі жасар бала кіріп кеткен. Артынан 33 жастағы У.О. баланы алып кетуге барған. Осы сәтте 65 жастағы күзетші ескерту жасап, егер бала ауырып қалса, инфекция өзге балаларға жұғуы мүмкін екенін айтқан. Осы сөзге шамданған ер адам күзетшіге қол жұмсаған.
Айта кетейік, Улукман Осмоналиев 1992 жылы 18 қыркүйекте Бішкекте туған. Өнер жолын 2016 жылы бастап, алғашқы шығармаларын YouTube пен әлеуметтік желілерде жариялаған. Кей деректер бойынша, оның алғашқы бейнебаяны 3 миллионға жуық қаралым жинаған.