Бокс

Головкиннің ізбасары кәсіпқой бокстағы айқасын өткізеді

Ахмет Қанатұлы
Головкиннің ізбасары кәсіпқой бокстағы айқасын өткізеді
Фото: instagram.com/temiroov_

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Виктор Темировтың (8-0, 6 КО) келесі жекпе-жегі қашан болатыны анықталды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Виктор Темиров 5 қыркүйекте Алматыда өтетін Ali Akhmedov Promotions ұйымдастыратын бокс кешінде жекпе-жек өткізеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оның қарсыласы Үндістаннан келген Сантош Барали (2-1, 1 КО) болмақ.

Виктор соңғы жекпе-жегін 14 маусым күні Германияның Ганновер қаласында өткізіп, үшінші раундта поляк боксшысы Лукаш Барабашты (4-17, 2 КО) техникалық нокаутпен жеңген еді.

Ал Сантош Барали әзірге елінен тыс жерде рингке шықпаған. Ол 26 шілдеде Бангалор қаласында өткен айқаста отандасы Сурадж Сингхті (3-2, 3 КО) төрешілердің шешімімен жеңген.

Айта кетейік, Виктор Темиров кәсіпқой рингте "Қасапшы" деген лақап атпен танымал. Дегенмен, Германиядағы жанкүйерлер оны кәсіби мансабын дәл осы елде бастаған Геннадий Головкиннің жас кезімен салыстырады.

Ахмет Қанатұлы