"Талай әйел осындай еркекті қалайды": психолог ер азаматтарға маңызды кеңес берді

"Талай әйел осындай еркекті қалайды": психолог ер азаматтарға маңызды кеңес берді

фото: Фото ашық дереккөзден

Қазіргі заманда ер азамат қандай болу керек? Сән-салтанат, байлық пен мықты физикалық күш басты шарт па? Бұл сұраққа отбасылық психолог Ержан Мырзабаев нақты жауап беріп, ер адамдардың беделін көтеретін үш қасиетті атады.

Психологтың айтуынша, әйелдер үшін ең тартымды ер адам – жауапкершілігі жоғары, батыл және жомарт жан. Бұл үш қасиет – қарапайым болғанымен, қарым-қатынаста шешуші рөл атқарады.

1. Жауапкершілік – нағыз еркектің белгісі

«Отбасындағы бүкіл мәселеге ер адам жауапты болуы керек. «Мен жүргіземін, мен істеймін, мен басқаруым керек» деген сана болу қажет. Әйелі шаршағанда, ер азамат еш ренжімей жауапкершілікті өз мойнына алып кете алуы тиіс», – дейді психолог.

Бұл қасиет – әйелге сенімділік сыйлайды. Ер адамның сенімді тірек бола алатынын көрсетеді.

2. Батылдық – әйел жүрегінің кілті

«Әйел затына батыл еркектер ұнайды. Ер азамат қажет жерде ата-анасына ойын ашық айта алуы керек, қажет болса, әйелін қорғай алуы қажет. Тіпті көшедегі қауіптен де араша бола алатын еркек әйел көзіне ерекше көрінеді», – дейді Ержан Мырзабаев.

Батыл ер азамат – әйел үшін қорған. Бұл сезімді сезінген әйел өзін сенімді әрі қауіпсіз сезінеді.

3. Жомарттық – әйел жүрегін жаулайтын қасиет

«Әйел адам жомарт еркекті әрдайым жақсы көреді. Ал сараңдық – ер адамның әйел алдындағы беделін бірден түсіріп жібереді», – дейді психолог.

Жомарттық тек материалдық тұрғыдан емес, уақыт, көңіл, мейірім мен қамқорлықты да қамтиды. Бұл – әйелдің табиғи қажеттілігіне жауап беретін мінез.

Ер адамның құрметі неден құралады?

Мырзабаевтың айтуынша, әйелге өз құндылығын дәлелдеу үшін көп ақша табу, мықты болу немесе дөрекілік таныту міндетті емес. Керісінше, өмірлік ұстанымдары дұрыс, адами қасиеті биік ер азамат – әрқашан әйел үшін қадірлі.

«Екі адам отбасы боламыз десе, екі тараптан да шынайы талпыныс болмаса – бәрі бекер», – деп түйіндеді психолог.