фото: 1bol.kz
Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы, қазақ боксының аңыз тұлғасы Болат Жұмаділов жайлы ақпарат көпшілікті алаңдатты, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Афина Олимпиадасының жеңімпазы, қазіргі таңда Қызылорда облыстық спорт басқармасын басқарып отырған Бақтияр Артаев даңқты боксшыға құрмет көрсетіп, ел алдында қошемет білдірді. Бұл сәттің видеосын әнші Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желіде бөлісті.
Кадрдан әр кезеңде Олимпиада мен әлем чемпионаттарында ел намысын қорғап, топ жарған бірнеше спортшыны көруге болады.
Бағлан Әбдірайымов Жұмаділовтің ашылып сөйлемегенін, бірақ көпшілікке беймәлім жайтты әңгімелегенін жеткізді:
"Жұдырығы болаттай Болат ағамның 1992 жылы алғаш олимпиадаға барғанын өз аузынан естігенде, мен ғана емес, сапарластардың бәрі таң қалды. Ел көп нәрсені білмейді екен. Аты аңызға айналған ағамыздың денсаулығы сыр берді ме, әлде басқа жағдай болды ма, сырласуға ыңғай келтірмей, өзін жұмбақ күйде ұстады. Аңыз ағаның өмірі – біз үшін де, өскелең ұрпақ үшін өнегеге толы. Сөзден іске көшіп, қыруар тірлік бітіріп жатыр екен", – деп жазды өнер иесі.
Ал видеодан байқағанымыздай, Бақтияр Артаев Спорт күні қарсаңында елдің әйгілі спортшыларын Қызылордаға арнайы шақырып, ізгі тілегін жеткізді:
"Ол кезде 14-15 жастағы баламыз. Арманы биік, бірақ әлі ештеңеге жетпеген жасөспірімбіз. Сонда Болат ағамен танысып, сұхбаттастық. Ол кісінің «барлығына өз күштеріңмен жетулерің керек» деп айтқаны әлі есімде. Болат ағамыз 1996 жылы Олимпиада чемпионы атануы керек еді, оны бәрі айтады. Мен үшін Болат ағамыз Олимпиаданың екі дүркін чемпионы", – деді Артаев.