фото: ашық дереккөзден
Қырғызстанда адам сенгісіз жағдайға қатысты жаңа деректер белгілі болды. Омбудсмен Жамиля Жаманбаева 20 жастағы жас әйелмен кездесіп, оның қайын атасынан көрген зорлық-зомбылық жайлы айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, қыз алғаш рет 2024 жылы тұрмысқа шыққаннан кейін зорлыққа ұшыраған. Ер адам оған пышақпен қорқытып, бір жыл бойы күш қолданған. Ал күйеуінің өгей анасы бұл оқиғаға көз жұма қарап келген.
Жас келін сәуір айында босанғанымен, перзентханадан шыққан соң көп ұзамай қайын атасы оны қайтадан зорлап, қоқан-лоқы жасаған. Әйел бұл туралы күйеуіне тек мамырда ғана айта алған. Оқиғаны естіген күйеуі әкесімен сөзге келіп, соққыға жығылған. Кейін 51 жастағы күдікті жас жұпты ауыр жұмысқа жегіп, баланы өз қолында қалдырған.
Жұп Ыстықкөл аймағына қашып барып, жергілікті полицияға шағымданған. Артынша іс Бішкектегі Ленин аудандық ішкі істер бөліміне берілген. Шілде айының соңында ресми арыз түсіп, Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 154-бабы ("Зорлау") бойынша қылмыстық іс қозғалды. 16 тамызда күдікті ұсталған.
Алайда қайғылы жағдай орын алды: жас жұп баласын дағдарыс орталығының көмегімен қайтаруға тырысқанымен, сәби қатты әлсіреп, ауруханаға түскен. Дәрігерлердің араласуына қарамастан, бала жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалғанымен, нәтижелері әлі жарияланған жоқ.
Омбудсмен зардап шеккендерге заңдық, психологиялық және медициналық көмек көрсетуді талап етіп, мемлекеттік органдарға ресми хат жолдады. Сонымен бірге істің әділ әрі толық тергелуін қадағалауды сұрады.