фото: "Қайрат" футбол клубы. Суретте: Темірлан Анарбеков
Алматылық "Қайрат" футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков тарихи жеңістен кейін ел арасында кеңінен танылып кетті. Оның Instagram парақшасына жазылушылар саны артып келеді, ал пікір қалдырушылар бір-бірімен жарыса ризашылығын білдіріп жатыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшы жаңа пост жариялап, бірнеше фотосурет бөлісіп: "Тарих", – деп қысқаша жазба қалдырған.
Жанкүйерлен Темірлан Анарбековке өз ұсыныстарын айтып, алғыстарын жеткізіп жатыр.
Мысалы, 21 жастағы қазақ қақпашысына костюм мен көлік ұсынғандар бар. Тағы бір жазылушы баласын Темірлан деп атайтынын мәлімдеген.
"Сізді Атырауда күтеміз", "Қаһарман!", "Аға, кез келген уақытта шай ішуге келіңіз", "Келсең болды, тегін донер беремін", "Қажет болса, тойыңызда асаба болуға дайынмын", – деп жазды желі қолданушылары.
26 тамызда Алматыда "Қайрат" шотландиялық "Селтик" командасын Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңі аясында өз алаңында қабылдады. Негізгі уақыт тең аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды. Темірлан нағыз сенсация жасап, алматылық ұжымға жеңіс сыйлады.