фото: SMI24.kz. Суретте: Костя Цзю
Атақты ресейлік-австралиялық боксшы, бұрынғы жартылай орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Костя Цзю анасына берген уәдесін еске алып, ешқандай ақша үшін рингке қайта оралмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол «Спорт-Экспресс» басылымына берген сұхбатында айтып өтті, деп жазады Sportinside.kz.
Костя Цзю соңғы жылдары спорттан кеткен танымал боксшылардың рингке қайта оралу үрдісіне қатысты пікір білдіріп, өзіне де осындай ұсыныстардың болғанын жасырмады. Алайда ол анасына берген уәдесі – бәрінен биік екенін айтты.
«Анам маған: "Балам, енді бұл қорқынышты қайта бастан өткергім келмейді" деді. Сол кезде мен: "Мама, сені мазаламаймын, мені енді рингтен көрмейсің" деп уәде бердім. Сол уәдемді бұзбаймын. Маған 10 миллион доллар берсе де, шықпаймын. 100 миллион доллар ұсынса да – бас тартамын. Себебі мен анама уәде бердім», – деді Костя Цзю.
Соңғы уақытта спортқа қайта оралған Майк Тайсон, Мэнни Пакьяо, Рой Джонс секілді аңыз боксшылардың қадамы көпшіліктің назарын аударған болатын. Осы үрдістен Костя Цзю да тыс қалмапты, алайда ол өзінің шешімі нық екенін жеткізді.
«Иә, ұсыныстар болды. Бірақ мен үшін анамның тыныштығы – бәрінен маңызды», – дейді ол.