фото: ашық дереккөзден
Қырғызстанда 20 жастағы жас әйелді күйеуінің әкесі бір жыл бойы зорлағаны белгілі болды.
Омбудсмен Джамиля Джаманбаева жәбірленушімен кездесіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтады. Белгілі болғандай, қайын атасы келініне ұзақ уақыт қысым көрсетіп, зорлық жасаған. Бұл жағдайды үйдегі әйел – күйеуінің өгей анасы білгенімен, ешқандай шара қолданбаған.
Жас келін сәуірдің 11-інде қайын атасынан жүкті болып, сәбиін дүниеге әкелген. Дегенмен екі апта өтпей жатып, ол қайтадан зорлық пен қоқан-лоқыға тап болған. Жәбірленуші бұл туралы күйеуіне тек мамыр айында айтқан. Жігіт әкесімен жанжалдасқанымен, 51 жастағы И.Э. ұлын ұрып-соққан. Кейін оларды мәжбүрлі жұмысқа жіберіп, жас жұп Ыстықкөл аймағына қашуға мәжбүр болған. Алайда нәресте қайын атасының қолында қалған.
Ыстықкөлде басқа адамдардың көмегімен жас отбасы полицияға арыз жазған. Кейін іс Бішкектегі Ленин аудандық ішкі істер бөліміне жіберілген. Шілде айының соңында ресми түрде зорлау дерегі бойынша арыз тіркелген.
Құқық қорғау органдары Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 154-бабы ("Зорлау") бойынша қылмыстық іс қозғап, күдікті 16 тамызда ұсталды.
Ең өкініштісі – сәби тағдыры. Жас жұп баласын қайтарып алу үшін дағдарыс орталығына барған кезде, сәби қатты әлсіреген. Дәрігерлер оны жансақтау бөліміне жатқызғанымен, көп ұзамай көз жұмған.
Акыйкатшы институтының мәліметінше, Джамиля Джаманбаева жас отбасыға заңгерлік, психологиялық және медициналық қолдау көрсету үшін тиісті мекемелерге ресми хат жолдаған.