фото: Видеодан скриншот
Белгілі әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділет пен келіні Әдия отандық журналист Анна Данченкоға эксклюзивті сұхбат беріп, алғаш қалай танысқандарын және махаббат хикаялары қалай басталғанын әңгімелеп берді. Бұл әсерлі оқиға әлеуметтік желіде қызу талқылануда.
Ақтауда басталған махаббат
Жас жұбайлар бір-бірін алғаш рет Ақтау қаласында көрген. Әділеттің айтуынша, ол досы Берекеттің кофеханасына барған кезде Әдияны көріп, бірден ғашық болғанымен, сол сәтте танысуға батылы жетпеген.
«Берекет – менің досым, әрі Әдияның ағасы. Кофеханасына барған кезде Әдияны бірінші рет көрдім. Сол сәтте жүрегім лүпілдеп, қатты ұнап қалды. Бірақ бетіне тіке қарап, сөйлесуге ұялып қалдым», – деді Әділет.
Екінші кездесуде басталған қарым-қатынас
Біршама уақыт өткен соң, Берекеттің үйлену тойы кезінде екеуі қайта жолығып, таныстық бастау алған. Әділет той қарсаңында үйге келген қонақтар арасында Әдияның аяқ киімін алып беріп, алыстан ғана бақылап жүргенін еске алды. Ал тойда олардың арасында алғашқы ашық әңгіме өрбіген.
Әдияның көзқарасы
Келіншек Әдия да таныстық кезіндегі ерекше сәттерді жылы естеліктермен еске алды:
«Тойдан кейін жастар бас қосқан отырыста Әділеттің жанында отырып қалдым. Ол мені қамқорлықпен қарсы алып, тамағымды салып беріп, сусынымды құйып берді. Сол сәтте жүрегім елжіреп, көңілім ауды», – деді Әдия.
Жеке өмірлері мен білім жолы
Қазіргі таңда Әділет отбасылық бизнеспен айналысып жүр. Ол Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы колледжді және КИПЭП университетінде қаржы мамандығы бойынша білім алған. Ал Әдия Ақтау қаласындағы колледжде қонақ үй бизнесі саласы бойынша оқыған. Қазіргі уақытта ол жұмыс істемейді, бірақ болашақта кәсіби жоспарлары бар екенін айтады.
Дүркіреткен той – ел аузында
Жақында Алматы қаласында өткен олардың үйлену тойы жұрттың назарын аударды. Тойға шоу-бизнес өкілдері, өнер қайраткерлері және жастардың достары қатысты. Әнші Сәкен Майғазиев ұлының үйлену тойын ерекше сән-салтанатпен өткізді.