Сүйінші! Асхат Аймағамбетов бар қазақты қуантатын жаңалығын айтты (ФОТО)

Сүйінші! Асхат Аймағамбетов бар қазақты қуантатын жаңалығын айтты (ФОТО)

фото: Sputnik / Санат Имангалиев. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында жаңа жазбасын жариялады.

Асхат Аймағамбетов бұл жазбасында педагогтармен кездесуі туралы жазды. Сондай-ақ депутаттың сөзінше, қазіргі таңда мұғалімдердің деңгейі, білімі жоғары. Ол бұл кездесуге келген мұғалімдердің бойынан осы бір қасиеттерді байқап, болашақтың ауыр жүгін арқалаған педагогтарға зор сеніммен қарайтынын жеткізді.

"Мотивациясы жоғары, көзқарасы терең мұғалімдермен екі сағатқа жуық ашық диалог өткіздік. Олар Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарындағы білім беру жобаларына қатысып жүрген ұстаздар. Барлығынан білімге деген адалдық, өзгеріске деген шынайы қызығушылық сезіліп тұрды.
Кездесуге "Teach for Qazaqstan" жобасының бірнеше түлегі де келіпті. Бұл бастаманы кезінде министрлікте жүргенде алғаш қолдағанымыз есімде. Сол уақытта нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізіп, жобаның қатысушылары мектептерде ресми түрде жұмыс істей алатындай жағдай жасадық. "Білім саласына балама жолмен кіру" деген арнайы тәртіп әзірлеп, бағдарламаларға қойылатын ең төменгі талаптарды бекіттік.
Қазір сол қадамдардың нақты жемісін көріп отырмыз. Иә, бұл бастамалар әлі кең ауқымды қозғалысқа айналған жоқ, себебі олар меценаттардың қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бірақ олардың салмағы мен әсері зор. Бұл мұғалімдер тек бос орындарды жауып отырған жоқ, олар мектептерге жаңа көзқарас, рух пен мәдениетті дамытып жатыр. Бұрын жаңа жоба деп қараған дүние- бүгін күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды.
Бүгінгі таңда мұғалім тек пән үйрететін маман емес. Жай ғана білім беріп қоймай, оны қолдануға, талдауға, сұрақ қоюға, күмәндануға, ой жүгіртуге үйрететін жетекші бола білуі керек. Осындай жобалар – еліміздің ертеңіне салынған шынайы инвестиция", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.