фото: olympic.kz. Суретте: Айбек Оралбай
Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы World Boxing ұйымы ұйымдастырып отырған ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатына қатысу үшін Англияның Ливерпуль қаласына ұшып кетті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі әуежайдан түсірілген команда мен бапкерлер штабының суреттерін жариялап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Тарихи әлем чемпионаты Ливерпульде 4-14 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан намысын онда 20 боксшы қорғайды.
Жалпы додада 60-тан астам елдің өкілдері бақ сынайды. Олардың қатарында әлемдік әуесқой бокстың алпауыттары – Өзбекстан, Куба, Ұлыбритания, Үндістан және басқа да мемлекеттердің ұлттық құрамалары бар.