фото: видеодан скриншот
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бапкері Мұхит Ахметов Шеффилд қаласында (Англия) өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындағы кадрларды бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ол Ливерпульде өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатқан спортшылардың спаррингтерінен видео жариялады. Жаттығулар Англия спорт институтында өтіп жатыр. Бұл кешенде Қазақстаннан бөлек әлем біріншілігіне қатысатын басқа құрамалар да спарринг өткізуде.
"Бүгін бізде осындай қарбалас. Спаррингтер өтіп жатыр, кәдімгі "ұрыс алдындағы сынақ" десе де болады. Мұнда – Ирландия, Өзбекстан. Барлығы осында. Біздің қыздар жақсы өнер көрсетті. Барлығы ойдағыдай, бабына еніп келеді", – деді бапкер.
Айта кетейік, тарихта тұңғыш рет World Boxing ұйымының аясында өтетін әлем чемпионаты 4-14 қыркүйек күндері Ливерпульде өтеді. Қазақстан намысын 20 боксшы қорғайды.