фото: primeminister.kz. Суретте: Ғани Бейсембаев
Шымкентте "Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" атты қалалық тамыз конференциясы өтті. Іс-шараға екі мыңнан астам педагог, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты. Пленарлық жиында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сөз сөйледі.
Министр білім беру саласында қолға алынып жатқан ауқымды шараларға тоқталып, Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтарын қорғау мен оларды қызметіне жатпайтын міндеттерден босату мәселесіне айрықша мән бергенін еске салды.
"Педагог өз құзыретіне кірмейтін жағдайларға байланысты орынсыз айыптаулардан қорғалуы тиіс. Бұл – мемлекеттің басты ұстанымы. Мұғалімдерді қорғау арқылы біз балалардың білім алуға деген құқығын қорғаймыз", – деді ол.
Ғани Бейсембаев 2025-2026 оқу жылындағы жаңалықтарды да атап өтті. Атап айтқанда, "Цифрлық сауаттылық" пен "Информатика" пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіле бастайды. Орта білім жүйесінде AI қолданудың этикалық нормалары қабылданды. Оқушыларға арналған Day of AI онлайн-курстары мен мұғалімдерге арналған арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары дайындалды.
Сонымен қатар, AI-Kitap платформасын кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отыр. Қараша айында алғаш рет республикалық ата-аналар комитеттерінің форумы өтеді. Бұл жаңа алаң "мектеп – ата-ана – қоғам" ынтымақтастығын күшейтуге бағытталмақ.
Жаңа оқу жылынан бастап мектептердің ішкі безендіруі бірыңғай дизайн-код бойынша жасалады. Қазірдің өзінде 100-ден астам "Келешек мектебі" осы брендбук негізінде салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл стандарт жөндеу жұмыстары жүргізілетін 1 300 мектепке енгізіліп, кейін барлық білім ұйымдарын қамтитын болады.
Жиын соңында министр 25 педагогке ведомстволық марапаттар табыстады. Сондай-ақ, биылғы "Жұмысшы мамандықтары жылы" аясында алғаш рет білім беру мекемелерінің техникалық қызметкерлері адал еңбегі үшін марапатталды.