фото: khl.ru. Суретте: Дамир Рыспаев
Дамир Мұратұлы Рыспаев – Қазақстан хоккейінің тарихында айрықша із қалдырған спортшылардың бірі. Ол 1995 жылы 25 сәуірде Өскемен қаласында дүниеге келген. Бала кезінен хоккейге ден қойған Дамирді алғаш жаттықтырған ұстазы – Анатолий Мелихов. Өскемен хоккей мектебінің түлегі кәсіби мансабын 2011 жылдан бастап "Барыс" жүйесіндегі жастар құрамаларында бастады.
188 см бойы, 102 келі салмағы және оң қолмен ойнау ерекшелігімен ол қорғаныста қарсыласқа қатты қысым жасай алатын ойыншы болды. Бірақ Рыспаевты көпшілікке танытқан негізгі қасиеті – оның тафгай ретіндегі рөлі. Яғни ол мұз айдынында тек қорғаушы емес, команда үшін жан беретін, төбелестен тайынбайтын ойыншы ретінде есте қалды.
2014 жылы ол алғаш рет ҚХЛ-дағы "Барыс" сапында өнер көрсетіп, "Йокеритке" қарсы матчта дебют жасады. Сол маусымда-ақ ол өзінің алғашқы жекпе-жегін өткізіп, Александр Свитовпен айдын үстінде жұдырықтасып, жанкүйерлердің назарын өзіне аударды. 2015 жылы Ресейдің танымал ойыншысы Евгений Артюхинмен болған төбелесі хоккей тарихына "жыл дербиі" ретінде кірді. Осыдан кейін Рыспаев "қазақстандық Рэмбо" деген бейресми атауға ие болды.
Алайда оның карьерасында дау-дамайсыз сәттер болмады. 2016 жылы ҚХЛ Президентінің кубогы кезінде "Куньлунь Ред Стар" клубына қарсы ойында Рыспаев айдын үстінде жаппай төбелес ұйымдастырып, нәтижесінде КХЛ тарапынан мерзімсіз дисквалификация алды. Бұл оқиға хоккей әлемінде үлкен талқыға түсті. Дегенмен жанкүйерлер оны "КХЛ тарихындағы ең мықты файтер" деп бағалап, спортшының беделін көтеріп жіберді.
Дамир Рыспаевтың мансабы тек төбелестермен шектелген жоқ. Ол Қазақстан құрамасының сапында 2013 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында (дивизион 1B, U18) және 2015 жылы жастар құрамасында (дивизион 1B, U20) алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар "Барыс", "Номад", "Снежные Барсы", "Беркут", "Торпедо" клубтарында өнер көрсетіп, Қазақстан хоккейінің дамуына үлес қосты.
2017 жылы оның дисквалификациясы алынып, ол қайтадан ҚХЛ-ға оралды. 2018 жылы "Барыспен" жаңа екіжылдық келісімшартқа қол қойып, жанкүйерлерін қуантты. Карьерасы барысында ол жалпы 144 ресми ойын өткізіп, 548 минут айыппен танылды. Бұл статистика оның хоккейдегі айрықша стилін толық айқындайды.