"Сатқындық пен көз жасы..." – Сәбит Әбдіхалықов бұған дейін ел естімеген шындықты айтты

"Сатқындық пен көз жасы..." – Сәбит Әбдіхалықов бұған дейін ел естімеген шындықты айтты

фото: видеодан скриншот

52 жасқа толған танымал актер әрі режиссер Сәбит Әбдіхалықов туған күніне орай өз парақшасында жүрекжарды жазба қалдырды. Өнер иесі өмір жолындағы сынақтар мен қуанышты сәттері жайлы сыр шертіп, өткенге көз жүгіртті.

Әртістің айтуынша, бұл күн – тек жас қосу ғана емес, өткенге шүкіршілік етіп, болашақтан жақсылық күтуге арналған ерекше сәт.

Сәбит Әбдіхалықовтың жазбасы:

"52 жас. Бір рөл – өзім. Сахна – өмір. Сценарий – Алланыкі.
Бүгін, міне, 52 жасқа аяқ бастым.
Біреуге бұл – жай ғана күнтізбедегі кезекті сан болар.
Ал мен үшін – өмір жолына бір сәт аялдап, өткенге көз жүгіртіп, жүрекпен шүкір ететін, жылдарға ризашылықпен мойын бұратын сәт.
Өмір маған түрлі кейіпкерлерді жолықтырды.
Ақиқат пен аярлықтың, достық пен сатқындықтың, күлкі мен көз жастың шегін сезіндірді. Бірақ мен ешқашан өзгенің рөлін ойнаған емеспін. Өмір бойы тек өз болмысыммен жүріп келем. Шынайылықты жоғалтпай, табиғилықтан алыстамай.
Сатира арқылы – күлкімен шындықты жеткіздім.
Шоу-бизнестің шетін көрдім – шетінде тұрғаным өзіме ұнады.
Кино түсірдім – кадр сыртында ғана емес, өмірімде де көп "монтаждар" болды.
Мультфильм жасадым – балалар үшін жүріп, өз балалығымды қайта таптым.
Театрларды басқардым – бірақ ең үлкен драма сахнада емес, сахна сыртында екенін түсіндім.
Сосын өзімнің «Назар» театрымды аштым – бұл менің жан дүниемнің айнасы.
Жазған пьесам сан түрлі сахналарда өмір сүріп жатыр. Бірақ мен үшін ең қымбат баға – көрермен жүрегіне жеткен бір тамшы ой.
Себебі әр туынды – жанымнан шыққан бір үзік сыр, бір ащы күлкі, бір шындық.
Бүгін – өмірімнің келесі пердесі ашылған күн.
Сол перденің ар жағында да, Алла қаласа, сіздермен бірге бола бергім келеді.
Жалғыз ғана тілегім бар – Алла қуатымды, жігерімді, шабытты ала көрмесін.
Балаларымды аман-есен ер жеткізуге, өнерімді адал жалғастыруға мүмкіндік берсе, қалғанының бәрі – бір Алланың қолында.
Құдай қаласа, алда әлі 52 жыл бар шығар.
Сол жылдардың әрбірінде – жаңа қойылымдар, жаңа фильмдер, жаңа ойлар бар екеніне сенемін. Себебі дарын да, шабыт та – Алланың аманаты. Мен сол аманатқа адал болуға тырысып келем.
Жүректе – шүкір, көңілде – ризашылық.
Баршаңызға жүректен шыққан шынайы алғысымды айтамын!" – деп жазды Сәбит Әбдіхалықов.