фото: ашық дереккөзден. Суретте: Наталья Наговицына
Тянь-Шаньдағы "Победа" шыңында қаза тапқан ресейлік альпинист Наталья Наговицынаның денесін 2026 жылдың көктеміне дейін эвакуациялау мүмкін болмайды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Mash дерегіне сүйенсек, 2025 жылғы альпинистік маусым жабық деп жарияланған. Құтқару жұмыстары тек келесі жылы – көктемде қайта басталады деп күтілуде.
Канал соңғы құтқару әрекеттерінен кадрларды да жариялаған: құтқарушылар тобы 6100 метр биіктікте қарлы дауылды еңсеріп жүрсе де, Наговицына одан жоғары – шамамен 7140 метр биіктікте болған, онда жағдай аса қауіпті болып шыққан.
47 жастағы Наталья Наговицына "Победа" шыңынан (шамамен 7439 м) төмен түсу кезінде аяғын жарақаттап алған. Оның эвакуациясына жасалған барлық әрекеттер сәтсіз аяқталған: құтқару топтары ауа райының нашарлығы салдарынан оған жету мүмкін болмаған, ал тікұшақтар үшін биіктік пен дауыл тосқауыл болған.
Еске сала кетейік, Наговицынаның отбасы үшін бұл қайғылы жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ: 2021 жылы оның жұбайы Сергей Хан-Тәңірі шыңында қалып қап, сол жерде қаза тапқан.