фото: Қазақстан теннис федерациясы. Суретте: Анна Данилина
Қазақстанның әйелдер арасындағы жұптық разрядтағы үздік теннисшісі Анна Данилина Кливлендте (АҚШ) өтіп жатқан WTA 250 турнирінің финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Әлемдік рейтингте оныншы орында тұрған спортшы бұл жарыста сербиялық Александра Круничпен бірге өнер көрсетіп жатыр. Екеуі биылғы маусымда "Ролан Гаррос" турнирінің финалына дейін жеткен болатын. Кливлендтегі жарыста олар бірінші нөмірлі жұп ретінде тіркелген.
Жартылай финалда Данилина мен Крунич чехиялық Анастасия Децюк пен Мириам Шкохты 6:2, 6:4 есебімен ұтып, финалға өтті. Матч 1 сағат 18 минутқа созылды. Осы уақытта қазақстандық-сербиялық жұп эйс жасай алмады, екі қосар қате жіберді және 14 брейк-пойнттың бесеуін жүзеге асырды.
Финалда Данилина мен Крунич Қытай спортшысы Цзян Синьюй мен Қытайлық Тайбэй өкілі Чжань Хаоцинмен кездеседі. Бұл жұп турнирге екінші нөмір болып тіркелген. Шешуші матч бүгін, 23 тамыз күні, Астана уақыты бойынша сағат 21:00-ден кейін басталады.