фото: instagram/nurdauletovbekzad. Суретте: Бекзад Нұрдәулетов
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Бекзад Нұрдәулетов YouTube-тегі "Aqyrys Seitqazy" арнасына берген сұхбатында оған Венгрия азаматтығын алып, сол елдің атынан жарысқа қатысуға ұсыныс болғанын айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Олар маған Спартакиададан кейін, лицензиялық турнирдің алдында хабарласты. Венгрияға шақырды. Бір адам емес, бірнешеуі байланысқа шықты. Көбі қоңырау шалды. Жағдайлары жақсы еді: белгілі бір қаражат береміз деді, Олимпиада чемпионы атансаң, барынша жақсы жағдай жасаймыз деп уәде етті. Бірақ мен Олимпиаданы елестеткенде тек өзіміздің көгілдір туымызды көремін. Басқа елдің туы астында алған медальдің құны болмайды. Сол сәтте-ақ ол жақта менде мотивация болмайтынын түсіндім де, бас тарттым", – деді ол.
Боксшының сөзінше, ұсынылған қаражат Қазақстандағыдан жоғары болғанымен, аса үлкен көлемде болмаған.
Айта кетейік, Бекзад Нұрдәулетов – 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, 2024 жылы Таиландта Азия чемпионы атанған. Ал 2025 жылы Астанада өткен World Boxing кубогінде 85 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленді.