фото: gettyimages
Ел арасында танымал "Фантазёр" әнінің орындаушысы, кеңес, беларусь және ресей эстрадасының танымал әншісі Ярослав Евдокимов өмірден өтті.
78 жастағы әртістің қазасы жайлы оның жақындары әлеуметтік желіде хабарлаған.
"Бүгін таңертең Ярослав, біздің сүйікті Фантазёрымыз, өмірден өтті! Қымбатты көрермендер, тыңдармандар, ұлы әртістің өнеріне деген сүйіспеншіліктеріңізге, ықыластарыңызға алғыс айтамыз! Құрметті жазылушылар, жылы сөздеріңіз бен тілектеріңіз үшін де рақмет. Олар Ярославқа үлкен демеу болып, күш-қуат пен сенім берді. Ол көптеген әсем әндерді шырқап, өмірін зая кетірмеді", – делінген хабарламада.
Ярослав Евдокимов 1946 жылдың 22 қарашасында Ровно қаласында, қуғын-сүргін көрген отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Ровно облысындағы Корысть ауылында өтті. Кейін Норильскіде тұрып, музыка мектебін бітірді және алғаш рет вокалмен айналыса бастады.
Әскери қызметін Коль түбегінде өтеп, ән айтуға қабілетін көрсетіп, өнерпаздар ұжымын ұйымдастырды.
Қызметтен кейін зауытта жұмыс істеп жүріп, мейрамханаларда ән шырқады. Кейін Беларуське қоныс аударды. 1975 жылы Минск филармониясында тыңдау тапсырып, солист атанды. Одан кейін М. Глинки атындағы Минск музыкалық училищесін вокал мамандығы бойынша тәмамдады.
1980-жылдары ол патриоттық "Память" циклымен, сондай-ақ "Майский вальс", "Зачарованная моя", "Фантазёр" сияқты әндерімен кеңінен танымал болды. Әншінің өнері бірнеше мәрте "Песня года" телевизиялық концерттерінде, сондай-ақ орталық телеарна мен радиода орындалды.