фото: ашық дереккөзден
Түркиялық Мехмет есімді азаматтың әрекеті ел ішінде қызу талқыға түсті. Әйелі Ясмин дүние салғаннан кейін, ол небәрі бір апта ішінде қайта үйленіп, кенеттен дәулетке кенелген. Марқұмның туыстары жағдайға күмәнмен қарап, телеарналарға жүгінген, деп хабарлайды Democrat.kz.
Есра Ерол бағдарламасының тілшілері Мехметпен сөйлесіп, не себепті асығыс некеге отырғанын сұрағанда, ол елді есеңгіреткен жауап берген:
"Әйелімді жерлеу кезінде қабірде оның денесі сөйлеп кетті. Маған: "Мехмет, артық созбай, бір апта ішінде үйлен. Зейнепке қосыл, саған ризашылығымды беремін. Бұл менің соңғы аманатым" деді. Сол сәтте есімнен айырылып қала жаздадым. Жанымдағылар ештеңе естімеген соң, сөзіме сенбеді. Бірақ мен марқұмның өтінішін орындау үшін бір аптадан кейін Зейнепке үйлендім. Екеуміз жұмыс істеп, көп ұзамай байып алдық. Ал Ясминнің туыстары соны көре алмай, маған қысым жасап жатыр", – дейді ол.
Алайда бағдарлама журналистері жүргізген тексеріс Мехметтің әңгімесін жоққа шығарды. Тергеу барысында оның түрлі айла-шарғыға барғаны анықталды.
Белгілі болғандай, Мехмет бастапқыда Ясминге де оның дәулеті үшін үйленген. Жесір қалған соң көп уақыт өтпей, қаржылы Зейнеппен некеге тұрған. Осылайша марқұм әйелінен қалған мүлік пен жаңа жарының байлығын иемденіп алған.
Қазір бұл іске Түркияның құқық қорғау органдары араласып, Мехметтің әрекеті ресми түрде тексерілуде.