фото: ашық дереккөзден
Өзбекстанның Ташкент облысында жас келіннің қайғылы қазасы қоғам назарын аударды. Қыз ұзатылғанына небәрі үш күн өткенде өмірден озған.
Марқұмның анасы телешоу барысында қызын әдейі буындырып өлтіргенін мәлімдеді. Оның сөзінше, 3 сәуірде жалғыз қызын Келес қаласына ұзатқан. Күйеу жігіттің туыстары ауқатты отбасы екенін айтып, ұзатуға көндірген.
"Бұл менің жалғыз қызым еді. Күйеуім жоқ болса да, барынша жақсы той жасағым келді. Бірақ үш-ақ күннен соң маған: “Қызыңның сүйегін алып кет” деп хабарлады. Бұл – жанға бататын ауыр сөз", – дейді анасы.
Оқиға 6 сәуір күні кешкі уақытта болған. Анасының айтуынша, қызы бақытты болғанын айтып, видео арқылы жиендеріне қуанышын жеткізіп жүрген.
"Оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес", – дейді ол.
Ал енесі керісінше, ешкімнің кінәсі жоқ екенін алға тартты.
"Іс жабылды. Сол күні үйде ешкім болмады. Түскеніне үш күн болған келінді өлтіру мүмкін емес", – деді ол.
Қайтыс болған келіннің отбасы махалла ішінде сыйлы, ал анасы жалғыз өзі екі баласын бағып-қағып өсіргені айтылады.
Бас прокуратура тексеру жүргізгеннен кейін марқұмның денесінде тұншығу белгілері анықталмағанын мәлімдеді. Тергеуге дейінгі тексеру барысында қылмыс құрамы табылмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды.