Сүйінші! Көптен күткен әділ шешім! Аймағамбетов бар қазақты қуантатын жаңалығын айтты

Сүйінші! Көптен күткен әділ шешім! Аймағамбетов бар қазақты қуантатын жаңалығын айтты

фото: Informburo.kz. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзі түлеп ұшқан Қарағанды ұлттық зерттеу университетіне арнайы барып, жоғары оқу орнының көптен күткен қуанышты сәтімен бөлісті.

Аймағамбетов Facebook-тегі ресми парақшасында университетке барған әсерін жазып, білім ордасының мәртебесі көтерілгенін тарихи әділ шешім деп бағалады.

"Бүгін біз Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде болдық. Бұл шаңырақтың дәліздері уақыт тынысын сақтап қалғандай. Ондаған жылдар бойы дәл осы жерде білімнің сәулесі шашылды, пікірталастар жүрді, жаңалықтар ашылды. Өзім осында студент болған күндерім көз алдыма келді. Үлкен лекциялық аудиторияларда ұстаздарымызды бар ынтамызбен тыңдайтынбыз. Бүгін сол аудиториялардың бірінде ардагерлер, профессорлар, оқытушылар бас қосты.
Әріптес-депутаттармен, Саясат Нұрбек және облыс әкімімен бірге осы ұжымның қуанышын бөлістік. Университетке ұлттық мәртебе берілгенін бірге атап өттік.
Бұл – көптен күткен әділ шешім. Тарихи әділдік орнады. Себебі дәл осы Қарағандыда еліміздегі екінші классикалық университет ашылған болатын. 1991 жылға дейін Қазақстанда бар-жоғы екі-ақ университет болды. Солардың бірі – осы қасиетті қара шаңырақ. ҚарМУ түрлі дәуірлерді артта қалдырды, жүз мыңнан астам мамандарды, ғалымдарды, ұстаздарды даярлады. Бірақ арада қанша жыл өтсе де, бұл университет ұлттық атаққа ие бола алмай келген. Ал көптеген жоғары оқу орындары, тіпті бұрынғы техникумдар мен институттар әлдеқашан ұлттық мәртебе алған еді. Әділет кешігіп келсе де, бәрібір жетеді. Сол сәтте оның құны да арта түседі. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділ шешімі.
Жаңа мәртебе – тек құрмет қана емес. Ол – жауапкершілік. Ол – жаңа мүмкіндіктердің есігі. Арттырылған коэффициент арқылы университет үшін қосымша қаржыландыру, басқарушылық және академиялық еркіндіктің кеңеюі, ғылым мен зерттеудің жаңа жобалары, елдің түкпір-түкпірінен талантты жастардың келуі – осының бәрі енді университеттің қолында.
Бұл жаңалық Қарағанды облысы үшін де үлкен қадам. Өңірде ұлттық университеттің және мықты ғылымның болуы – жаңа инвестициялар, жаңа жұмыс орындары, жаңа көкжиектер. Ал студенттер мен ұстаздар үшін – мақтаныш пен сенім. Олардың еңбегі еленді, болашаққа жаңа есік ашылды.
Студенттердің көзіне қарасаң, осының бәрінің мәнін ұғасың. Сол көздерде үміт бар. Сол көздерде талпыныс бар. Сол көздерде алға ұмтылған болашақ бар. Дәл солар үшін мұндай шешімдердің шынайы мәні айқындала түседі", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.