Сүйінші! Еліміздің бас педагогы мұғалімдерге қуанышты жаңалықты жеткізді

Сүйінші! Еліміздің бас педагогы мұғалімдерге қуанышты жаңалықты жеткізді

фото: primeminister.kz. Суретте: Ғани Бейсембаев

Алматыда өткен дәстүрлі қалалық педагогикалық конференцияда мұғалімдер үшін бірқатар маңызды жаңалықтар айтылды. "Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман" тақырыбымен ұйымдастырылған жиынға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, педагогтерді қолдау және балалардың құқығын қорғау бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр.

"Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше тоқталды. Педагогтерге тән емес міндеттерді жүктеуге жол берілмейді. Егер жергілікті атқарушы органдар тарапынан заң өрескел бұзылса, прокуратура араласуға тиіс. Сондай-ақ, балалармен болған жазатайым оқиғалар үшін мұғалімдерді жазалау тәжірибесі тоқтатылады", – деді министр.

Министр 2025-2026 оқу жылына енгізілетін бірқатар жаңалықтарды сүйіншіледі. "Цифрлық сауаттылық" пен "Информатика" пәндеріне жасанды интеллект элементтері қосылады. Орта білім беру жүйесінде AI қолданудың этикалық стандарттары бекітілді. Оқушылар үшін Day of AI онлайн курстары, ал мұғалімдер үшін арнайы біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленген.

Сонымен қатар, "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында мектептерді басқарудың жаңа моделі дайындалды. "Жайлы мектептерде" қызмет ететін 3 мыңнан астам педагог үш деңгейлі дайындықтан өткен. Жаңа үлгі қыркүйек айынан бастап тәжірибеге енгізіледі. Әдістемелік қолдауды Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы қамтамасыз етеді.

Инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Осыған орай, 2025 жылдың қазан айында Алматыда шетелдік білім министрлері мен жетекші сарапшылардың қатысуымен инклюзия жөніндегі алғашқы Дүниежүзілік конгресс өтеді.

Бұған қоса, Абай атындағы республикалық мектеп-интернаты «Абай Ұлттық мектебі» мәртебесін алу үшін трансформациялануда.