Олимпиадаға қатысқан танымал спортшы допинг үшін жарыстардан 4 жылға шеттетілді

Олимпиадаға қатысқан танымал спортшы допинг үшін жарыстардан 4 жылға шеттетілді

фото: ашық дереккөзден. Суретте: Марина Бех-Романчук

Украинаның танымал спортшысы Марина Бех-Романчук төрт жылға дисквалификация алды, деп Sportinside.kz тілшісі Athletics Integrity Unit (AIU) ұйымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тәуелсіз допингке қарсы орган спортшының ісін қарап шықты. 2024 жылдың 7 желтоқсанында Бех-Романчук Хмельницкий қаласында жарыстан тыс кезеңде допинг сынамасын тапсырған, ал талдау нәтижесінде оның ағзасынан тестостерон деңгейінің жоғары болғаны анықталды.

Биыл мамыр айында спортшыға уақытша шеттету жазасы қолданылды, сондықтан ол Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы ресми турниріне қатыса алмады. Маусымда "B" сынамасы да ашылып, нәтижесі оң болып шықты.

Тергеу барысында Бех-Романчук кінәсін мойындаған жоқ, алайда кінәсіз екенін дәлелдей алмады. Соның салдарынан AIU дисквалификация мерзімін қысқартпай, оны 2025 жылдың 13 мамырынан бастап төрт жылға жарыстардан шеттетті.

Спортшы Instagram парақшасында мәлімдеме жариялап, тағы да кінәсін мойындамайтынын айтты. Ол өзінің мансабында ешбір жарыстың нәтижесіне күмән келтірілмегенін атап өтті.

"Бүгін мен үшін өте қиын таңдау тұр. AIU алдында арымды қорғау мен жеке өмірім арасындағы екі майданда күресті жалғастыра алмаймын. Бұл ең алдымен эмоциялық тұрғыдан қатты шаршатады, денсаулығыма әсер етуде. Кейде үзіліс жасап, басымдықтарды дұрыс қою маңызды. Сол себепті мен отбасым мен денсаулығыма көңіл бөлу үшін уақытша үзіліс жасауға шешім қабылдадым", – деп жазды Бех-Романчук.

Ол допинг ісін қарау барысында немқұрайдылыққа тап болғанын және толыққанды тергеу жүргізілмегенін алға тартты. Сондай-ақ алдағы уақытта сұхбат беріп, барлық сұраққа кеңірек жауап беретінін хабарлады.

Марина Бех-Романчуктың жасы 30-да. Ол әлем чемпионатында ұзындыққа секіру және үш қарғып секіру бағдарламаларында күміс жүлдегер атанған. Соңғы үш Олимпиадаға қатысып, ең үздік нәтижесін Токио-2020 ойындарында көрсетті – бесінші орын.