"1 млн теңгесін қимады": әлемнің үздік каратэшісін құрметтей алмаған Артаев сынның астында қалды

"1 млн теңгесін қимады": әлемнің үздік каратэшісін құрметтей алмаған Артаев сынның астында қалды

фото: syr_sporty

Каратэден қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбайға Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан берілген 700 мың теңге сыйақы қоғамда үлкен дау тудырды. Әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттардан кейін облыстық спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев сынның астында қалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Неліктен сын туды?

2025 жылдың 12 маусымында спортшыны ресми түрде қабылдаған Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының парақшасында жарияланған фотоларда Мөлдір Жаңбырбайға 700 мың, ал бапкеріне 300 мың теңге көлемінде сертификат табысталғаны көрсетілді.

Алайда спорт журналисті Ақарыс Сейітқазы бұл сыйақы мөлшерін әділетсіз әрі төмен деп санап, әлеуметтік желіде ашық сын жазды.

«Биыл каратэден әлемнің үздік спортшысы атағын алған Мөлдірге 1 миллион теңге де қимағандарыңыз ұят. Бұл – тек Қызылорданың емес, бүкіл елдің абыройын қорғайтын спортшы. Олимпиада чемпионы Артаев басшылыққа келді деп үміт артқан едік», – деді ол.

Бақтияр Артаев не деді?

Сынға жауап ретінде Бақтияр Артаев желіде жазба қалдырып, сыйақы ресми жарыстарға байланысты берілетінін, ал қазіргі марапат демеушілердің көмегімен жүзеге асқанын түсіндірді.

«Бұл қабылдау – ресми марапат емес, алдағы жарыстарға сәттілік тілеу мақсатында өткізілді. Егер шын ниетпен көмектескіңіз келсе, орнымды босатып берем, жақсы демеушілер табыңыздар», – деп жазды Артаев.

Неге бұл маңызды?

Мөлдір Жаңбырбай – каратэден Grand Winner сыйлығының екі дүркін иегері, яғни әлемнің үздік спортшысы деп танылған қазақ спортшысы. Ол Олимпиадалық емес спорт түрінде топ жарып жүргенімен, ел тарапынан лайықты марапат пен құрмет ала алмай отыр. Сонымен қатар, "Еңбек сіңірген спорт шебері" атағы да әлі берілмеген.

Журналистер не дейді?

Журналист Ақарыс Сейітқазы бұл мәселеде сыйақы көлемінен бұрын, мемлекеттік марапат пен құрметтің жоқтығы қынжылтады дейді:

«Мөлдір ештеңеге мұқтаж емес. Бірақ спортшының еңбегі еленуі – ұлттың спортқа деген көзқарасының көрінісі. Біз өз батырларымызды дер кезінде бағалай алмасақ, кейін өкініп қаламыз».