фото: Қазақстан бокс федерациясы. Суретте: Төрехан Сабырхан
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан әлем чемпионатында кімдер өнер көрсететіні арнайы спаррингтердің қорытындысы бойынша анықталды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Танымал спорт журналисі Аслан Қаженов Instagram желісіндегі ресми парақшасында осы мәселе жөнінде тарқатып айтты.
"Ұлттық құрамадағы жігіттердің басым бөлігі Астанадағы Әлем кубогында анықталып қойды. Бас бапкер Қайрат Сәтжанов үшін бұл өзіндік іріктеу бәсекесі болды. Нәтижесінде, 7 салмақтағы боксшылар өз орындарында қалды. Тек 70 келіде Абылайхан Жүсіповті Төрехан Сабырханмен алмастырды. Ал 60 және 65 келіде спаррингтер жасаймыз деп жариялады.
Қазір ұлттық құрама өкілдері Алматы облысында дайындықты пысықтап жатыр. Оған әр салмақтың нөмірі бірінші, екінші, үшінші және төртінші бокшылары шақыртылды. Мендегі ақпараттар бойынша жоғарыда айтқан 60 және 65 келіде жекпе-жектер өтті. Нәтижесінде, Бибарыс Серік Теміржановты 5:0 есебімен, Ертуған Мұхаммедсабыр Базарбайұлын 3:2 есебімен жеңді. Көбі Дулат Бекбауовты сұрап жатыр. Ол жаттығу жиынында жоқ. Дулат қазір кәсіпқой боксқа бет бұрып, АҚШ-та шеберлік шыңдап жүр.
Қалай болғанда да ұлттық құрама жасақталды. Обьективті таңдау жасалды деп ойлаймын. Енді жігіттер Англия төрінде барын да, жанын да салуы қажет. Қайрат Сәтжановқа қарсы қазір хейт көп. Соларды әзірге тоқтатып, тек қолдау танытқан абзал. Өйткені, оның бәрі кері әсер етуі мүмкін. Қазақ елі жақсы нәтиже күтеді. Алтын күтеді. Бәріне сәттілік тілейміз", – деп жазды Аслан Қаженов.
Айта кетейік, World Boxing ұйымының аясындағы алғашқы әлем чемпионаты 4-14 қыркүйек күндері Ливерпульде өтеді.