фото: qazaq.today
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова мен Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымовтың есімдері күтпеген жерден алыпқашпа әңгімеге ілінді. Бірақ әнші бұл қауесетке нүкте қойып, ел аузындағы әңгімелердің шындыққа жанаспайтынын ашық мәлімдеді.
Жүнісова мен Ыбырайымов Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойында кездесіп қалған. Сол сәтте әнші танымал боксшыға қатысты ұзақ уақыттан бері айтылып жүрген өсек туралы алғаш рет тіл қатты.
«Ереке, сізді танығаныммен, екеуміз араласпаған адамбыз ғой. Бірақ екеуміз туралы не айтылғанын білесіз бе? Екеуміз жүреді екенбіз, сіздің маған деген махаббатыңыз бөлек екен. Осыны оқыған күні қылқынып қала жаздадым. Оңбағандар! “Алла түптеріңе жетсін” деп едім, солай болды да», — деді Жүнісова көпшіліктің көзінше.
Бұл пікірді алғаш болып журналист Ербол Мәндібек өз парақшасында жариялады. Оның айтуынша, Мақпал Жүнісова бұл сөздерді өте сабырмен, ашық түрде жеткізген. Журналистің жазуынша, бұл оқиға тойдың ресми бөлігінде емес, өнер адамдарының әңгімесі арасында қозғалған.
«Бүгінгі тойда ең елең еткізген сөз — Мақпал Жүнісованың Ермахан Ыбырайымовқа айтқаны болды. Бұл әңгімені жай адамдар емес, халықтың қалаулы қос тұлғасы айтқасын, жұрт бұған шындық іздеп қарайды», — деп жазды Ербол Мәндібек.