фото: Видеодан скриншот
Қазақ эстрадасында өнерімен де, өмірімен де елге үлгі бола білген Сәкен Майғазиевке қатысты журналист Ербол Мәндібектің жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Танымал журналист өнер иесінің жүріс-тұрысы мен мұсылмандық болмысын ерекше сипаттап, соңғы өткен ұлының тойына байланысты терең пікір білдірген.
Ербол Мәндібектің айтуынша, Сәкен Майғазиев – өнер әлемінде жүріп, атақ пен абыройға мастанбай, өз жолынан таймаған сирек жандардың бірі.
«Атақ пен ақшаға бұзылған адамдар аз емес. Сәкен сол сүреңнен сүрінбей өткен жігіт», – деп жазады журналист.
Шынында, талай сахнаны көріп, сан түрлі мінберде жүрген Сәкен Майғазиев туралы ел ішінде жақсы пікір көп. Бірақ Ерболдың айтуынша, шын мұсылмандық сырт көзге айқайлап айтатын ұран емес, жүрекпен сезілетін, өмір салтымен көрінетін әрекет.
«Алла деп айқайламай-ақ, жүрегін үнсіз жаратушыға табыстап тіршілік еткен жігіттің жемісі. Құдай қолдады деген осы», – дейді ол.
Журналисттің жазбасында Сәкеннің адамгершілік келбеті, іскерлік қабілеті мен отбасына деген құрметі кеңінен қозғалады.
«Біреумен жаға жыртыспақ түгілі, дауыс көтеріп сөйлескенін көрмеппіз. Ең бастысы отбасына деген қарым-қатынасын, жауапкершілігін осы тойда риясыз дәлелдеді», – дейді Ербол Мәндібек.
Бұл – көпке үлгі боларлық көзқарас. Себебі біздің қоғамда өнер адамы бола жүріп, отбасы мен перзент тәрбиесін назардан тыс қалдыратындар аз емес. Ал Сәкен Майғазиев ұлын ұялмай елге таныстырып, ұлағатты той жасауы арқылы шын үлгі көрсетті.
Ербол Мәндібектің пікірінше, бұл той – қарапайым дәстүрлі жиын емес, ұрпаққа сабақ болған салмақты шара.
«Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Сәкен кеше сол тақырыпта той емес, сабақ берді. Ұрпағымен мың жасасын. Қазақтың ең жаманы Сәкендей болсын», – дейді ол.
Бұл – жай ғана мақтау емес, салиқалы баға, көпке ой тастайтын тұжырым. Мұнда тәрбиенің түп қазығы – ата-ананың өз болмысын түзетуі керектігі айтылып отыр.
Ербол Мәндібектің бұл жазбасы – бір адамның жеке пікірі ғана емес, көпшілік көкейіндегі ойдың көрінісі. Себебі Сәкен Майғазиевтің тойына қатысты желіде тараған кей пікірлерден шаршаған елге бұл жазба сабыр мен әділдіктің үні болды.
«Аллаға үздіксіз құлшылық қылып, сабырға салынған сәттерінің қорытындысын кешегі тойда көрдік. Жаратушы Алла тектінің тұяғын өзі қалағандай қылып жұптады», – дейді Ербол.
Бұл ой – елдің ішкі сенімі мен дәстүрге деген құрметін қайта жаңғыртқандай әсер қалдырады.