"Ақымақтықпен мойындап қойған": Шерзат ісіндегі сотталғандардың бірі рақымшылыққа өтініш білдірді

"Ақымақтықпен мойындап қойған": Шерзат ісіндегі сотталғандардың бірі рақымшылыққа өтініш білдірді

фото: Dalanews.kz коллажы. Суретте: Шерзат Полат пен Қаржаубай Нұрымов

Алматы облыстық сотында Шерзат Полат ісіне қатысты апелляциялық шағым қаралу барысында айыпталушылардың адвокаттары өз пікірлерін айтты. Сотталғандардың бірі рақымшылыққа өтініш берді. Orda.kz тілшісі сот залынан тікелей хабар таратты.

Бұған дейін журналистердің сот отырысына қатысуына техникалық кедергілер туындаған еді. Түске дейін адвокаттар мен туыстарының өтініші бойынша операторлар да залдан шығарылған болатын. Дегенмен түстен кейінгі отырыста судья журналистердің сот залына кіруіне рұқсат берді. Сот процесіне Досымбек Қалдырбек, Марина Мұсабекова, Ербол Құтпанбаев төрағалық етті.

Адвокаттар апелляциялық шағымдарында сот шешімінде дәлелдемелер жеткіліксіз деп санайтынын айтты. Мысалы, Дидар Қалиахметтің адвокаты Гаухар Баймұханова істі "бұзақылық" бабынан "полицияға хабарламау" бабына ауыстыруды сұрады. Оның айтуынша, Қалиахметке тағылған айып жарты бетке де толмайды және кінәсі толық дәлелденбеген.

"Маусымнан бастап конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия заңы қолданыста. Осыған байланысты мен бүгін Азамат Тоқтаубаевқа қатысты «ұрлық» бабын алып тастауды сұраймын. Бұл бап бойынша оған 3 жыл тағайындалған", – деді қорғаушы Бабажанова.

Шыңғыс Белғожаевтың адвокаты оның тағылған айыбын толығымен жоққа шығарып, азаматтық талап-арыздың күшін жоюды, сондай-ақ оқиға күні қолданған көлігін ата-анасына тапсыруды сұрады.

Абазал Шынасылдың қорғаушысы Жұмат Әбенов Шынасылдың басында істемеген қылмысты мойнына алғанын, кейін шындықты айтса да оған құлақ аспағанын атап өтті. Сол себепті адвокат "Шерзат Полатты өлтірді" деген айыпты алып тастауды сұрады. Әбеновтің айтуынша, Шынасыл тек жеңіл жарақат келтірген, сондықтан айыптау осы негізде қаралуы тиіс.

"Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан, демекші басында Шынасыл ақымақтықпен мойындап қойған соң, барлығы келіп осыған жауып жатыр. Былай қарасаңыз, Абзал сонда екі адамды да пышақтаған болып шыға ма? Ал Нұрғанат Ғайыпбаевқа салған пышағы денсаулыққа ауыр емес. Тергеушіге де мойнына алатын адам керек. Оған қоса жәбірленушілердің де жауаптары қарама-қайшы екенін ұмытпайық. Олардан қайтадан жауап алайық дегенімде барлығы денсаулығын сылтауратып келмеді", – деді Әбенов.