фото: ашық дереккөзден
Ләззат Танысбай 2019 жылғы сәуір айынан бері «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы қызметін атқарды. Бүгін корпорацияның әлеуметтік желідегі ресми парағында оның жұмысы аяқталғаны хабарланды.
«Бірге қызмет еткен әріптестеріме алғыс айта отырып, Басқарма төрайымы ретіндегі қызметімді аяқтауды жөн санадым. Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі деп есептеймін. Қазақ телевизиясының қара шаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін. Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін», – деді Ләззат Танысбай бүгін Корпорация жетекшілерімен өткен кездесуінде.
Ол атап өткендей, қазақ телевизиясының қара шаңырағы саналатын корпорацияда әр жетекшінің өз қолтаңбасы болады және бұл сабақтастық жалғасын табуы тиіс. Сонымен қатар, басшылардың ауысуы ұйымға жаңа тыныс пен серпін береді.
Алты жыл ішінде корпорацияның теле және радио арналарының рейтингі артты, коммерциялық табыс 50%-ға көбейді. «Qazaqstan» арнасы ұлттық мазмұнды сақтай отырып, қоғамдық-саяси бағдарламаға басымдық берді. Осы кезеңде «Ашық алаң», «Бас тақырып», «Қос палата», «Әлем және біз» сияқты сараптамалық хабарлар эфирге шықты, ашық пікір алаңдары қалыптасты.
Корпорация тарихи тұлғаларға арналған 22 телехикая өндірді. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Дина Нұрпейісова, Әл-Фараби, Қорқыт сияқты тұлғалар мен оқиғаларға арналған жобалар бар. Мысалы, «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы көрерменнің қызығушылығын тудырып, мәдени феноменге айналды. Сонымен қатар, қазақ қаламгерлерінің шығармалары мен дәстүрлі әндер экранизацияланды: Сайын Мұратбековтің, Бердібек Соқпақбаевтың, Әзілхан Нұршайықовтың туындылары және «Естай мен Қорлан» телехикаясы.
Отандық анимациялық фильмдер де кеңінен көрерменге жетті. Balapan телеарнасының 15 жылдығына орай «Шоқан. Қашқарияға сапар», «Желаяқ», «Тоқты мен Серке» жобалары экрандарға шықты.
Бұл жылдар ішінде 300-ге жуық деректі фильм түсірілді, оның ішінде мемлекет тарихындағы алғашқы дәрігер, мұғалім әйелдер, әр дәуірдің ұлы тұлғалары мен белгілі қазақстандықтарға арналған жобалар бар («Қазақ қызы», «Дәуір даналары», «Бірегей»).
2020 жылы Ләззат Танысбай басшылығымен Abai TV арнасы іске қосылды. Пандемия кезінде шағын құраммен жұмысын бастаған арна бүгінде тәулігіне 17 сағат хабар таратып, отандық және әлемдік өнер мен мәдениетке арналған жобаларды шығарады.
Корпорация контентін халықаралық аудиторияға жеткізу де дамыды: 2023 жылдан бастап Qazaqstan және Balapan арналары Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия аумағына тарала бастады. Диджитал бағытта altynqor.com сайты, «Birge.tv» стримингтік платформасы және 10 веб-телеарна іске қосылды. «Алтын қордағы» 1 500 аудиожазба әлемдік платформаларға жарияланды, жасанды интеллект көмегімен қазақ ертегілері бойынша анимациялық фильмдер дайындалуда.
Спорттық трансляцияларды ұйымдастыруда корпорация «Комментатор сөздігі» және журналистерге арналған «Редакция стандарты» нұсқаулықтарын шығарды. Ләззат Танысбай бастамасымен Медиамектеп ашылып, төрт жылда 123 студент тегін білім алды, оның 24-і корпорацияда жұмысқа орналасты.
Корпорацияда жетекшілік қызметтерге тағайындау меритократиялық принциппен жүзеге асырылды. Ұзақ жылдардан бері нәтижелі еңбек еткен 100-ден астам қызметкер жетекшілікке көтерілді.
Бүгіннен бастап Ләззат Танысбай «Евразия» Бірінші арнасының жетекшілігін атқарады. Бұл арна 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді, қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады және Қазақстандағы ең көрерменге танымал үш арнаның қатарына кіреді.