Руслан Берденов сотта Ернар Жиембайдың әйелін мүлдем танымайтынын айтты

Руслан Берденов сотта Ернар Жиембайдың әйелін мүлдем танымайтынын айтты

фото: Ulysmedia.kz коллажы

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов сот отырысына онлайн қосылып, өзіне тағылған айыптарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Берденов сотта Ернар Жиембайдың бұрын айтқан сөздерін теріске шығарып, оның әйелі Луиза Алданованы мүлде танымайтынын және ешқандай жеке байланысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Жиембайдың өзіне қастандық ойлауы тікелей қызметтік мәселелермен байланысты.

"Инспектормен дауласа бастады. Екеуі менің көзімше ұрсыса бастады. Сол себепті мен "егер сен осылай жұмыс істейтін болсаң біз сенімен жұмыс істей алмаймыз" дедім. Себебі есеп беру қажет екені екі күн бұрын айтылған. Бүкіл есеппен келіңдер, не істеліп жатыр, қандай жұмыс жүріп жатыр, бюджеттің ақшасы қалай құртылып жатыр дегендер сұралды. Мысалы маған мердігерлер тұрғын үйде тендерсіз жұмыс істеп жатыр деген шағымдар айтылды. Одан бөлек, Жиембайдың өзі үлкен көлемде құрылыс материалдарын сатып алып жатқаны туралы да шағым келді. Соған байланысты мен қандай жұмыс істеліп жатқанын сұрадым. Ол ештеңе айта алмады. Бюджеттің ақшасы, қандай жұмыс істеліп жатқаны туралы бірде-біріне жауап бере алмады", – дейді Берденов. 

Сонымен қатар ол Жиембаймен бірнеше рет кездескенін айтты. Әр кездесуде Ернар қайын ағасы Нағашыбекпен ақылдасып отырған.

"Екі кездесуде де ол қайын ағасы Нағашыбекпен ақылдасып отырды. Себебі ол мені таниды. Астанада жүргенімде Нағашыбек менің құмар ойыны, есірткіге байланысты бастамаларымды қолдап, медиада жариялап отырды. Ернар Нағашыбекке хабарласып, біздің бірінші кездесуіміз дұрыс өтпеді деп айтқан. Ал екінші кездесу жақсы өтті деп айтқан. Киім үлгісіне қатысты: мен кірген кезде "этикет сақтамайсыңдар ма?" деп сұрадым. Себебі  джинсы мен ақ футболкамен келіп отырды. Бір ескерту жасадым", – дейді Руслан Берденов. 

Сот барысында Ернар Жиембай да, әкесі де Руслан Берденовтен кешірім сұрағаны белгілі болды.